Тарих

Тоқсан қыздың тағдыры…

Газетіміздің өткен жылғы 12 қарашадағы санында журналист Сәтжан Дәрібайдың «90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары» атты мақаласы жарияланған еді. Онда Ұлы Отан соғысында ерлерімен бірге қолдарына қару алып, шайқасқа шыққан жауынгер қыздарымыздың деректері берілген болатын. Мақала шыққаннан кейін оқырмандар тарапынан редакциямызға хабарласушылар саны көбейіп, хаттар келіп түсе бастады. Біз бүгін солардың бірсыпырасын топтастырып беріп отырмыз.

Қамажай, Айыш және басқалары

Облыстық «Ақтөбе» газетінде жарияланған «90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары» деп аталатын Сәтжан Дәрібайдың мақаласы оқырмандарды елең еткізді. Шынында Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мұрағатынан бір ауданнан соғыс жылдарында тоқсан әйел майданға алынғаны жайлы дерек табылуы — ғажап дүние. Осы тізімдегі отыз төртінші Қамажай Князбаева туралы әңгімелеуді мақсат тұттық.

Қ.Князбаева 1923 жылдың күзінде Шалқар ауданының №7 ауылында дүниеге келген. Отбасында қыздардың кенжесі болғандықтан еркелеу өсіпті. Мектептің тоғызыншы класында оқып жүргенде әскерге шақыру қағазы келгенде бұл жай  әке-шешеге оңай тимеді. Қамажай апамыз жалғыз емес, онымен бірге үш қыз шақырылған. Олар мінген эшелон темір жол стансасында үш күн тұрыпты, байғұс әке-шеше күнде тамақ әкеледі. Ең соңында інісі Жақия тамақ салынған ыдысымен перронға жақындай бергенде эшелон жылжып, бірте-бірте жылдамдығын үдетіп, беймәлім жаққа бағыт алады. Қыздар болса көзінен жас сорғалаған күйінде кете барады.

Саратов қаласында әскери  тірлік талабымен шұбатылған екі бұрымы қиылып, оны апай пошта арқылы ауылдағы ата-анасына салып жіберіпті. Алғашқыда автокөлік жүргізушілерін даярлау курсында, кейін парашютпен секірушілер даярлайтын курста оқыған Қамажай зеректігімен, тәртіптілігімен көзге түседі. Ол 1942-1945 жылдарда Украин, Беларусь, Сталинград, Балтық майдандарында истребительдік авиация полкінің құрамында шайқастарға қатысады. Бірде әскери әуежайда түнгі күзетке шығады. Қыстың қақаған аязды түні. Қырағы қыз ұшақтар арасымен жүгіріп өткен біреудің сұлбасын көріп қалады. Дереу автоматын кезеніп, «Тоқта! Атамын!» деп айқайлайды. Анау тәртіпке мойынсұнбайды. Апамыз аспанға оқ атып, дабыл салады. Сөйтсе әлгі ұшақты айдап әкетуге ниеттенген фашистік армия жансызы екен. Осы әрекеті бағаланып, Қ.Князбаеваға «Ерлігі үшін» медалі беріледі. Майдангер апамыз бұдан кейін де «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинград шайқасындағы жеңісі үшін», «Риганы азат еткені үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистік Германияны жеңгені үшін», тағы басқа жауынгерлік наградалармен марапатталады.

Ол елге соғыс әбден аяқталған соң, екі-үш айдан кейін аман-сау оралады. «Шалқар стансасының вокзалында күтіп алған жұрт даңқты жерлесін үйіне дейін көтеріп алып келді» дейтін айтушылар.

Апай суретінен көрініп тұрғандай, ажарлы адам болды. Ұзақ жыл сауда мекемелерінде абыройлы қызмет етті. Отағасысы  Ахмет Бекмұхамбетов те майдангер еді, шаруашылық саласында, партия органдарында жетекшілік қызмет етті. Ерлі-зайыпты екеуі жарасты тірлік кешіп, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Зейнегүлі Алматы қаласында тұрады. Алмагүлі Ақтөбе қаласында жеке иеліктегі «Қамажай» клиникасының бас дәрігері, күйеуі Садық — облыстық соттың судьясы. Олардың Алтынай деген қызы Ұлыбританияда білім алуда, ұлы Сабыржан Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтында оқып, бітіргелі тұр. Апайдың үшінші қызы Гүлбарам — медицина ғылымдарының кандидаты. Түркияның Анкара қаласында тұрады, күйеуі Марат Ахметов — физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Апайдың төртінші қызы Рәбиға о дүниелік болып кетті.

Қамажай Князбаева 1989 жылы Ақтөбе қаласында ауыр науқастан қайтыс болды.

Апай әскерге Айыш Жанұзақовамен, Александра Русановамен (жоғарыдағы тізімде 73 болып тұр) бірге 1942 жылдың 20 маусымында алынады. Неге екені беймәлім, бұл тізімге Айыш Жанұзақова енбей қалыпты. Мен Айыш апаймен көзінің тірісінде әңгімелесіп, «Ақтөбе» газетінің 2000 жылғы 9 мамырдағы санында «Он тоғызында от кешкен» деген мақала жариялаған едім. Ол әңгімесінде Өрік Ерниязованы (тізімде 21 болып тұр) және Қожабике, Балжан, Күміс деген құрбыларын айтқан болатын. Балжан мен Күміс бақилық болғанын, Қожабике Алматы қаласында, Өрік Бішкек қаласында тұратынын айтқан да апай. Мақала жарық көргелі тоғыз жылдан асты, соғыс және еңбек майданының ардагері Айыш Жанұзақова 2002 жылдың 20 қаңтарында Шалқар қаласында қызы Алма мен күйеу баласы  Бақытжанның қолында дүниеден озды.

Біз ұсынып отырған суретте — сол жақта Айыш Жанұзақова, оң жақтағысы  — Ақтөбе облысында ұзақ жылдар денсаулық сақтау басқармасын басқарған Лида Ермачкова.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

журналист.

***

Жеті қыздың бірі — менің әжем

«90 қыздың тағдыры немесе Ұлы Жеңістің ұмыт қалған тұстары» атты мақаланы оқыдық. Оқыдық та, суретке үңілдік…

Иә, жеті қыздың бірі (оң жақ шетте отырған) менің әжем Кәзен Әбілтайқызы Әжібаева екен. Газетте аты Қазына деп берілген. Ал Подольск архивінен алынған анықтамада Ажибаева Газета деп жазылған.

Әжем Кәзен Әжібаева 1926 жылы туған. Әкесі Әбілтай Ленин орденді мұғалім болған. Қызметінің көп бөлігін Әйтеке би ауданының Жабасақ, Аққұм, Қарашатау елді мекендерінде атқарған. Жалғыз баласы Ақгазетті (Кәзен) де мұғалім болғанын қалап, Ақтөбедегі мұғалімдер даярлайтын мектепке береді. 1942 жылы денесінің ірілігінен бе, әлде кім біліпті, он алты жасында соғысқа алынған. Ол туралы жоғарыда аталған анықтамада:

«В книге учета рядового и сержантского состава 253-га авиатехнического склада за 1944-1946 г. записано:

Ажибаева Газета (так в тексте), красноармеец, стрелок.

Зачислена 29.07.43 года (Приказ №185). Призвана 13.07.42 г. Иргизским РВК Актюбинской области.

Прибыла из 9-го инженерного батальона.

Убыла по демобл. 9.10.45 г.», — деп көрсетілген.

Соғыстан соң түрлі қызметтер атқара жүріп, ҰОС ардагері Шынтаев Байдеу Селеубайұлына тұрмысқа шығып, отбасын құрады. Селолық клуб меңгерушісі қызметінен зейнеткерлікке шығады. Қазір екі ұлынан 5 немере және 4 жиені бармыз. Атам өте ерте, 1972 жылы дүниеден өтті. Әжем мен дүниеге келгеннен кейін, Ырғыз ауданы Коминтерн ауылында қан қысымынан қайтыс болды. Соның алдында Ұлы Жеңістің 50 жылдығында Ақтөбе қаласында өткен шеруге қатысты. Н.Назарбаевтың қолтаңбасы басылған радиоқабылдағышы әлі күнге дейін үйде сақтаулы тұр. «Әжеңнің көзі», — дейді папам.

Мақаланы оқи отырып, папам Бәтима Тайлақова мен Сапура Далипова (газетте Даметова делінген) әжемнің жақын құрбылары болғанын, 1994 жылы тамызда Әйтеке би ауданы Талдысай ауылына Сапураны іздеп барып, кездесіп келгенін әңгімеледі.

Әжемнің ерні тиген тұңғыш немересі болғандықтан, осы хатты жазуды парызым, әжемнің алдындағы қарызым деп санадым.

Ақбота БАЙДЕУ,

Қарабұтақ ауылы,

Әйтеке би ауданы.

***

Отан үшін отқа түскен ерлер

Ресей Федерациясы Пенза қаласының тұрғыны С. Дворянкиннен Қазақстан Республикасы Президенті атына келіп түскен хатта Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестеріміздің аты-жөндері берілген. Егер аталған жауынгерлердің тума-туыстары немесе оларды білетіндер болса, Ақтөбе қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасына немесе газет редакциясына хабарласу сұралады. (Адамдардың аты-жөні және деректері құжатта жазылған күйін бұзбастан алынғанын ескертеміз).

Сондай-ақ Ақтөбе қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы Орлов облысы Дмитровск ауданында ұрыстарға қатысқан 193-атқыштар дивизиясының, 246- атқыштар дивизиясы мен 113 инженерлік-саперлік, инженерлік-мина іздестіру батальондарының көзі тірі ардагерлерінің мына мекен-жай бойынша хабарласуын өтінеді: Ақтөбе қаласы, Киселев көшесі, 2, тел.: 50-02-74, 53-22-47.

1. Босеркин Аль Мурат, 1908 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Сученский ауданынан немесе Краматорский ауданынан әскерге шақырылған.

2. Василенко Иван Герасимович, 1912 жылы туған, 3.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Ақтөбе ауданынан әскерге шақырылған.

3. Завгородский Иван Терентьевич, сержант, 1901 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Ақтөбе ауданынан әскерге шақырылған.

4. Киселев Дмитрий Петрович, 1911 жылы туған, 5.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Жұрын ауданынан әскерге шақырылған.

5. Рахишбаев Куманбек, 1922 жылы туған, 5.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Байғанин ауданынан әскерге шақырылған.

6. Светличный Григорий Нитрофанович, 1903 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Ключевой ауданынан әскерге шақырылған.

7. Сметанин Николай Иванович, аға сержант, 1918 жылы туған, 2.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Ақтөбе ауданынан әскерге шақырылған.

8. Баханов Тюасебай, 1908 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Тулешбай ауданынан әскерге шақырылған.

9. Дихтяренко Яков Трофимович, 1897 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Степной ауданынан әскерге шақырылған.

10. Жалтмурзин Сардоля, 1895 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Жұрын ауданынан әскерге шақырылған.

11. Пуханов Дюсинбай, 1917 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Алчан ауданынан әскерге шақырылған.

12. Үсенонов Мухаметопай Асанұлы, 1912 жылы туған, 8.03.1943 жылы қаза тапқан. Ақтөбе облысы Степной ауданынан әскерге шақырылған.

***

«Апамды мақтан етемін»

Ұлы Отан соғысы кезінде ер азаматтармен бірге қанды қырғында от кешіп, иықтарына қару асынған, ажал оғына кеуде тосып, елін жаудан азат еткен  майдангер жеті қыздың бірі — Бәтима Тайлақова. 1942 жылдың қазан айында Шалқар ауданынан майданға аттанған Бәтима туралы деректі бізге інісі Сейітқали ата мәлімдеді.

Соғыс басталғанда Сейітқали ата не бары 12 жаста  болыпты. Елдегі арқасүйер азаматтар майданға аттанғанда, барлық ауыртпалық аналар мен қарттарға, өрімдей жас балалардың мойнына артылады. Бала Сейітқали сол шақта өз қатарластары секілді тары сеуіп, сабан айдаған, мал бағып, тылда еңбек еткен.

— Соғыс — талай адамның өмірін жалмады, жастардың қызықты дәуренін ұрлады. Бала болсақ та, біз қиындықтар мен кедергілерге мойымай,  азаматтарымыздың туған елге аман оралуын тіледік, солар үшін барлық күш-жігерімізді сарпыдық. Біз отбасында төрт баламыз. Алдымен үлкен ағам Есім майданға алынды. Ал Бәтима 1942 жылдың қазанында ерлерше қару асынып, етігімен қан кешуге өз еркімен өтініш білдірді, — деп бастады әңгімесін Сейітқали ата.

Бәтима Тайлақова 1928 жылы 8 наурызда дүниеге келген. 1941 жылы наурыз айында тұрмысқа шығады. Бірақ соғыс басталған жылы жолдасы алғашқы жауынгерлердің бірі боп майданға алынады. «Жездеміз  сол кеткеннен оралмады.

— 1942 жылдың күзінде Шалқар қаласынан жеті қыз майданға алынды. Солардың бірі — Бәтима. Мен Бәтима апамның қай өңірді жаудан азат еткенін нақты білмеймін. 1945 жылдың күзінде апамның ортамызға аман қауышқаны есімде. Біз ол кезде Новоресей поселкесіне қоныс аударғанбыз. Сондықтан Бәтима апам туралы мәліметтер Новоресей мұражайларында сақтаулы. Соғыстан кейінгі жылдары ол ауылда еңбек етіп, көптеген жұмыстар жасады. Осы өңірде қайта тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Бірақ апамның бұл некесі сәтсіз болды. Екінші жолдасынан Серік есімді қызы бар…

Есім ағам құқық қорғау саласында қызмет еткендіктен, біз жиі қоныс аударатынбыз. Бәтима апам бізбен бірге болды. Мәртөк ауданына көшіп келгенімізде де, жасынан еңбекқор, ақжарқын Бәтима жерді жатсынбай, көпшілікпен араласып, еңбек етті. Кейін ол Жайсаңда Дәулет Мырзағалиев есімді жігітте тұрмысқа шығып, Сайлау, Кенжеғали есімді балалар тәрбиеледі. Ақтөбеден апама үй берілгендіктен, кейін олар қалаға қоныс аударды», — дейді Сейітқали ата.

Бәтима ана туралы дерек аз. Майдангер қыз бауырларына соғыста көрген бейнеті мен қиындығы туралы әңгіме айтпаған. Ол елге келген соң, жауынгер достарымен жиі хат алысып, араласып тұрады. Әсіресе, майдангер жеті  қыздың бірі, Қобда ауданында тұратын Күміс екеуі етене араласқан. Бәтима Тайлақова 1986 жылы өмірден өтеді.

— Ұлы Отан соғысының әлі де ашылмай қалған тұстары бар. Бұл — әлі де зерттеуді қажет ететін оқиға. Мен апамның соғысқа қатысып, ерлерше жаумен айқасқанын мақтан етемін. Жеті қыздың ерлігін анықтап, көпшілікке баяндаған «Ақтөбе» газеті ұжымына, «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің директоры Ғалымжан Байдербеске алғысымды айтамын, — дейді Сейітқали ата.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button